Калькуляторсыз тез есептеу тәсілдері
ҰБТ кезінде, күнделікті тұрмыста немесе қарапайым математика сабағында кейбір амалдарды ойша есептеу қиындық тудырады. Әдетте, біз ондай кезде ойланбастан калькуляторға қарай жүгіреміз. Сондықтан бүгін сіздерге ешқандай құралсыз математикалық есептеулерді жеңілдететін бірнеше әдісті ұсынамын.
1. Екі таңбалы санды 11-ге көбейту
11 санын екі таңбалы санға көбейткен кезде шешімнің үш цифрдан (???) болатыны белгілі.
Яғни: 81*11=???
Одан бөлек мына бір қулықтарды білу керек:
1) Бірінші цифр негізі санның алғашқы цифрымен сәйкес келеді (81);
2) Ортадағы цифр негізгі санның цифрларының қосындысына тең болады (8+1);
3) Үшінші цифр негізгі санның соңғы цифрымен сәйкес келеді (81).
Сонымен:
8*11=??? —> 8 (8+1) 1 —> 891
Жауабы: 81*11=891
Кей жағдайларда ортасындағы, яғни жақша ішіндегі сан екі цифрдан тұруы мүмкін. Ондай жағдайда сол жақша ішіндегі санның соңғы цифрын есімізде сақтап қаламыз да, біріншісін алғашқы жақша сыртындағы цифрға қосамыз.
Мысалы: 78*11=???
7 (7+8) 8 —>7 (15) 8—> (7+1) 5 8 —> 858
Жауабы: 78*11=858
2. Санды 5-ке көбейту
Кей жағдайда кездейсоқ бір санды 5-ке көбейткенде ойланып қаламыз. Кез келген санды 5-ке оңай көбейту үшін сол санды 10-ға көбейтіп, оны 2-ге бөлу керек.
Мысалы: 49*5=?
1) 49*10=490
2) 490/2=245
Жауабы: 49*5=245
3. Соңы 5-пен аяқталатын сандарды квадраттау
Мысалы: 35*35=?
1) «35» санының алғашқы цифрын сол цифрдың 1-ге қосындысына көбейтеміз. Яғни, 3*(3+1)=12
2) Осы шыққан санның соңына барлық жағдайда 25 санын жалғаймыз. 1225
Жауабы: 35*35=1225